Адольф Янушкевич: Қазақ өмірін тарихқа таңбалаған

Адольф Янушкевич:  Қазақ өмірін тарихқа таңбалаған

Қазақстандағы поляк ұлтының саны жүзжылдықтармен есептеледi, және олар тамырын тереңге жайып, ˜өзiндiк қолтаңбасын қазақ ˜өлкесiне айшықтап кеттi.  1246 жылы поляк жиһангезі әрі монах Бенедикттің ителиан Джованний Карпинимен монғол империясына сапары кезінде Орталық  Азияны басып, қазіргі орталық, шығыс Қазақстан жеріне саяхат жасағанын мұрағат деректері дәлелдейді. Тарихшылардың айтуына қарағанда, атақты Марко Поло Ұлы далаға одан 25 жыл кейін келген. Сол себептен де Бенеддикт пен Джовванний қазақ өлкесіне табаны тұңғыш тиген Еуропалық жиһангездер деп есептелінеді. Бенеддикт пен Карпини қазіргі заманғы қазақтардың арғы ата-бабаларының — орталық  Азияның көшпенді халықтарының сара сүрлеулі салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын айғақтайтын көптеген тарихи құнды жазбалар қалдырған.

ХIХ ғасырдың 30 жылдары Қазақстан аумағына Патшалық Ресейден азаттық жолында билік диктатурасына қарсы болған саяси күрескерлер жер аударылды.  

Солардың бірі — туған өлкемізге өшпейтін ізін қалдырып кеткен поляк перзенті Адольф Янушкевич. «Саяси қылмыскер» ретінде Сібірге жер ауып келген ауыр тағдыр иесі А.Янушкевич 1846 жылы қазақ даласын аралауға шығады. Бұл жерде оның өмірбаянына толық тоқталуға орын тар және де оқырман бұл жөнінде белгілі әдебиетші ғалым Ф.И.Стеклованың «А.Янушкевич және оның кітабы» деген алғысөз есебінде жазылған көлемді зерттеу мақаласы арқылы таныс болар.

Біз сөз еткелі отырған қазақ тарихы, мәдениеті мен әдебиеті үшін қымбат жәдігер А.Янушкевичтің «Күнделіктер мен хаттар» (Қазақ даласына жасалған саяхат туралы жазбалар) атты кітабы 1861 жылы Парижде поляк тілінде басылған. Арада ғасырдан астам уақыт өткенде 1966 жылы Алматыдағы «Қазақстан» баспасы орыс тіліндегі аудармасын (аудармашы филология ғылымының кандидаты, доцент Ф.И.Стеклова) жариялайды. Ал, 1979 жылы Алматының «Жалын» баспасы жазушы Мұқаш Сәрсекеевтің аудармасымен қазақ тілінде жарыққа шығарды. Елу үш жыл өмірінің ширек ғасырын айдауда өткізген қайсар жанның (Адольф 1856 жылдың шілдесінде туған үйіне оралып, меңдеген өкпе ауруынан көп ұзамай қайтыс болады) ғажайып қажыр-қайратына еріксіз қайран қаласың.

А.Янушкевич 1841 жылдың күзінен «қырғыз(қазақ­­ ­­­­— О.Ә ­­­­) правосы жобасын түзу жөніндегі» комитеттің хатшысы бола жүріп, біршама қазақ тілін де үйренеді.

А.Янушкевичтің қазақ даласына саяхаты 1846 жылдың мамыр айының басынан осы жылдың қазан айының ортасына дейін созылған. Омбыдан Семейге аттанарда 8 мамыр күні анасына жолдаған хатында «…әлі күнге дейін бірде-бір поляктың табаны тимеген таулардың шыңына көтерілмекпін», — деп жазады ол. Саяхат кезінде көрген-білгендерін, естігендерінің керектісін хатқа түсіре берген. Хаттар мен күнделіктер жөнінде сыр шертпестен бұрын, саяхат маршруты жөнінде айта кетейік.

А.Янушкевич және оның жақын досы В.Ивашкевич құрамына енген генерал Вишневский басқарған экспедиция Омбыдан шығып Семейге мамырдың 14-інде келеді. Экспедицияның жол сызбасын қысқаша былай сипаттауға болады. Семейден шыққан топ оңтүстік — шығыс бағытты бетке ұстап, Арқат, Әлжан, Ақадыр тауларын басып өтіп 28 мамырда Аякөзге жетеді. Бұл арада олар Көкпектіден шыққан генерал Вишневскийді тосады. Аягөзде оншақты күн аялдайды да, 13 маусым күні жолға шығып Шыңғожаға барып қонады. Одан әрі Лепсі арқылы Жетісу жерін аралап, Алатау баурайына дейін сапар шегіп, қайтар жолда Тарбағатайға қарай ойысады. Одан соң қайтадан Балқашқа қарай құлдилайды. Арғысы Шыңғыстау, Ақбастау, Тұлпар, Көкшетау таулары арқылы Тоқырау, Түндік өзендерін бойлай, Қызыларай, Берікқара тауларын бөктерлей Қарқаралыға жетеді. «Қонғаны ауылымның Талды-ау деймін»,— деп Мәди ақын әнге қосқан Талдының суына шомылады. Қайтар жол — Омбы.

Сонымен бүгінгі әкімшілік бөлініспен сипаттасақ, экспедиция жүріп өткен жол республикамыздың Шығыс, Оңтүстік, Орталық аудандарының біраз жерін қамтиды. Экспедиция почта жолымен де, сүрлеу жолмен де жүрген. Саяхат маршруты толық күйінде Қазақстан картасына әлі түсірілген жоқ. Осы игі іске талпыныс жасаған ғалым Ф.И.Стеклованың алдынан көптеген кедергілер мен қиындықтар кезікті. Ол — заңды да еді. Өйткені, А.Янушкевич кезінде көп деректерді тілмаштар арқылы жазып алған. Қазақ тілін жетік білмейтін адам қайтсе қате жібереді. Бұл жайт оның туған тілінде жазған кітабына да ортақ. Орыс тіліндегі аудармасында да автордан, аудармашыдан, корректурадан кеткен қателіктер мол. Тіпті қазақ тіліндегі Мұқаш Сәрсекеев аудармасы да солай. Бұл неге — олай? Оның басты себебі — бұл жолжазба деректі (көркем шығарма емес) кітапты саяхат өткен өлкенің арғы-бергі тарихын жетік білетін, көкірегі көмбелі адамның аударғаны жөн еді. Кітапта жер, су, ру, болыс, кісі аттарында кездесетін ақаулар аз емес. Оның ұзын-сонар тізбесін бұл араға тықпаламай ақ қояйық. Оған кітапты оқыған жанның өз көзі де жетеді.

Әйтсе де, келешектен үмітсіз емеспіз. «Күнделіктер мен хаттардың» ақаусыз аудармасы да жасалар, саяхат жолы да картаға түсер. Бұл — болашақтың еншісінде. Осы ғасырдың басында Аягөздік этнограф— жазушы Ғабит Зұлқаровтың тәржімалауымен «Күнделіктер мен хаттар» қазақ тілінде шығыпты. Оның аударма дәрежесі және тарихи дәлдігі қаншалықты екенін білмеймін, ол қолыма әлі түскен жоқ.

Бірден айту шарт — А.Янушкевичтің еңбегі қазақ халқы тарихының белесті бір кезеңінен құнды да қызықты деректер береді. Жүз алпыс жылға жуық тарихы бар поляк-қазақ рухани, мәдени-әдеби тарихының байланысының көш бастаушысы, алғашқы қарлығашы — осы кітап.Сонысымен де ол бізге қымбат.

А.Мицкевич, В.Ивашкевич, А.Одоевский, Г.Зелинский, А.Янушкевич бұлар — рухани тағдырлас, бағыттас, замандас поляк ұлтының озық ойлы өкілдері. Бұлардың ішінде В.Ивашкевич — Адольфтің қазақ даласын бірге шарлаған жан досы, Г.Зелинский — «Қазақ» және «Дала» поэмаларының авторы. Зелинский «Дала» поэмасында қазақ дадасын былайша сипаттайды: «Сен даланы көрдің бе? Оны көктеменің таңында күнгейден ескен жанға жайлы ақ самал аймалайды. Ал, топыраққа жасырынған көк өскін мамырдың майда демін қағып алып, бірден жұтып, жер — ананың солғын тартқан ұясын жастықтың жасыл желегімен жабады. Егер де сен осыны көрген болсаң, өзіңді мынау таңғажайып дүниеге әкелгендер үшін өр кеудеңді еңкейтіп, басыңды ій оған».

Жоғарыда айттық, саяхат 1846 жылы өткендігін. Ал, 1979 жылы шыққан қазақша басылымның 19-бетінде «1848 жылдың 8 майы» болып көпе-көрнеу қате басылған.

(Алда келтірілетін дәйектемелерді А.Янушкевичтің 1979 жылғы қазақша басылымынан алғандығымызды ескертеміз.)

Саяхат экспедициясының алдына қойылған негізгі мақсат — кітаптың 65-бетінде «Қазір соңғы елшілік нәтижесінде Үкімет үйсіндердің жаппай тілегіне ілтифат білдіріп, шекаралық бастықтың Ақсу жағасындағы конгреске баруына, бүкіл өлкені Россия қол астына кіргізуге бұйрық берді. Өлкеде орта ордадағыларға ұқсас әкімшілік құруға уәде беріп, Россияға деген игі ниетті көңілі үшін сый құрмет көрсетуге, ең басты ру басыларына бес алтын медальді бөліп беруге, олардың ішінде ықпалы мен салмағы жағынан ең атақтысы Әлиге подполковник атағының дипломын тапсыруға шешім қабылдады», — деп түйінделеді. Біздің бұған қосарымыз, экспедиция Кенесары Қасымовтың қозғалысына байланысты да жіберілген болар.

А.Янушкевич Семейде болған күндерінде қала туралы мол мағлұмат береді. Оның баяндауынша қалада 7000-ға жуық тұрғын бар, көбі татарлар, сарттар. Мешіт алты-жеті, шіркеу біреу. Қазақ тілі барлық жерде дерлік қолданылады. Тіпті қаладағы ресейліктердің тең жартысы бұл тілде еркін сөйлейтіндігін атап жазыпты. Семейдің Сібір мен Орта Азияны байланыстыратын айырбас сауда үшін маңызды керуен жолы торабы екендігіне тоқталған. Округ орталығы Аягөзден алған әсерлерін де тартымды жеткізген.

Әдебиетті қатты сүйетін ақынжанды адам табиғат суретін беруге де төселген, жорға. Мейлі ол Тарбағатай, Алатау, Шыңғыстау, Ақбастау, Тұлпар, Қарқаралы, Қу тауларын, немесе Ертіс, Шар, Аягөз, Іле, Шынжырлы, Құр, Түндік, Талды т.б. өзендерді көргендегі сезім күйін өзінше түйсініп, өзінше бейнелеген.

Сұлтандардың ата-тегі, қазақтың шығуы, Шыңғыс хан, Абылай туралы аңыз-шыны аралас әфсаналарды да автор қаға беріс қалдырмаған.

Қазақтың салт-дәстүрлері құда күту, өлік шығару, саятшылық, баксылық, наным-сенім, ырымдарының өз көзімен көргендері мен естігендерін хатқа түсіруді ұмытпаған.

Аягөздегі аға сұлтан сайлауы мен Ұлы Орданың Ойжайлауындағы (Шұбарағаш) конгресті майын тамыза суреттейді. Иә, бұл — мереке ғана емес, тарихи маңызы болған оқиға 1846 жылы 3-шілде күні болған екен. Ұлы Орданың (Ұлы жүз) Россияға қосылу салтанаты жасалған Ойжайлауға арада тура он жыл өткен соң, Ш. Уәлиханов келген. Бұл сапары жөнінде Шоқан өзінің «Жоңғар барлауы» еңбегінде былай деген: «Менің қырғыз жұртшылығымен таныса бастағаным 1856 жылдан былай қарай».  1855 жылы қырғыздың ұлы манабы Боранбай өзіне бағынатын рулармен орыс патшалығына қарады. Қырғыз халқының сұрауы бойынша 1856 жылы полковник Хоментовский бастаған 1-экспедиция  сапарға шықты. Оның мақсаты — қырғыз халқымен жақынырақ танысып, олардың жерін картаға түсіру еді. Мен осы экспедицияға қатысып, Боранбай ауылында болдым».

Бұғы руынан шыққан осы адам туралы А.Янушкевич Аягөзден 1846 жылғы 7-шілде күні Омбыға П.Цеплинскийге жазған хатында: «Бұл халықтың меншікті аты — қырғыз, Манаптардың бірі Боранбай жуырда Ресейдің өздеріне бақылау жасауын өтініп, хат жолдады»,— депті.

А.Янушкевичтің кітабы — 19 ғасырдың 1 жартысындағы қазақ даласы өмірінің тыныс-тіршілігінен мол хабар беретін құнды жәдігер. Құнанбай Өскенбайұлы туралы алғашқы деректерді осы кітаптан табамыз.

А.Янушкевич кітабынан 249 бетінде «Құсбек Жанай ақын туралы әңгіме қозғады. Ол жыр жырлап, түйе де, қымбат сыйлықтар да жинап алыпты.Садыр-Матайларда онымен айтысатын тағы да бір ірі ақын болған екен…» — дейді. Атақты айтыс ақыны үлкен шежіреші, марқұм Қалихан Алтынбаев 1980 жылдары «Семей таңы» газетінде жарияланған «Жанай ақын кім?» деген мақаласында осы кісіні Найманның Жанай руынан шыққан Кеншімбай ақын (Сыр бойының Кеншімбайы емес) деген түсінік береді. Осы Кеншімбай Тана мырза, Тезек төремен еріп, Жетісудағы конгреске қатысқан. 203-бетте «Тілмаштар маған Жанақ  туралы әңгіме айтып келді. Ол бұл өңірге аты жайылған жыршы-әнші екен, жуырда қайтыс болыпты», — деген жолдар бар. А.Янушкевич бұл деректі 1848 жылғы 19 күні жазып отыр. Демек, Ш.Уәлиханов ерекше бағалаған жырау-ақын Жанақ Сағындықұлы 1848 жылы қайтыс болғаны тарихи шындық. Ал қазіргі 1850 жылы қайтыс болды деген сөз жорамалмен айтылған жаңсақ пікір. Жанақ ақын А.Янушкевич аралаған Қарқаралы уезінің Қарауыл- Қамбар болысының тумасы екенін ұмытпайық. Осы арада еріксіз ойға оралады: поляк перзенті А.Янушкевич пен үлкен жырау Жанақ Сағындықұлына Семей, Қарқаралы қалаларының бір-бір көшесінің атауын берсек, олар бұған әбден лайық.

Осы Қарауыл-Қамбар болысын аралаған сапарында А.Янушкевич Жапалақ батыр Қошқарұлымен кездескенін жазады. Жапалақ батырдың бейіті қазіргі Қарқаралы ауданының жерінде.

Сондай-ақ, саяхатшы Тарақты руының болысы Бақтыбай Дайырбаевпен Ақбастауда танысады. Тоқырауын бойы Қызыларай жағында Қорсан-Керней болысы Есберген Садырбайұлымен, Әлтеке-Сарым руының болысы би Жанғұтты Ботантайұлымен (Абайға сынақ жасап, бата берген Жанғұтты шешен осы кісі), Айбике-Шаншар болысы Алшынбай Тіленшіұлымен Қарқаралыда, ал Қу тауында осы болыстың правителі, ұлы күйші Тәттімбет Қазанғапұлымен, ең соңында Байбөрі (Қыдыралы, Кедей, Жағалбайлы  руларынан құралған) болысы Алдаберген Еділбайұлымен (Шаһкерім қажының нағашысы) кездеседі.

Бұл сапарда саяхатшы Бөкейхан (Ә.Бөкейхановтың ұлы атасы) ұрпақтары Рүстем, Ғази, Жамантай, Құсбек, Батырмен, Мәмбетей Тобықты руын билеген Шалғынбай төре Біралиндермен де дәмдес болып, әңгімелерін тыңдайды.

Сөзімізді түйіндей келе, Адольф Янушкевичтің бұл кітабы өткен тарихтан көл-көсір мағлұмат беретін, аңыз емес ақиқатқа құрылған, таптырмайтын ғылыми жазба, саяхат жемісі. Бізге Янушкевичтің еңбегі сонысымен де қымбат.

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s